|
Құрметті аудан активі жиналысына қатысушылар! Құрметті жерлестер!
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биылғы жылғы 27 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жария етті. Жолдауда Президент 2011 жылы ел экономикасы 7,5 пайызға өскенін, ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асып түскенін айта келе, болжанған жаһандық дағдарыс қауіпінің алдын алу мақсатында экономиканы осы сынаққа дайындау, оны әртараптандыру мәселесіне айрықша тоқталды. Президент тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктеріміз халқымыздың бірлігі мен ынтымағының нәтижесі екендігін атап өтті. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі Елбасы жүктеген ауқымды міндеттер салаларға бөлініп, нақты айқындалған. Елбасы биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттырудағы жаңа міндеттер жайлы айта келе, ел экономикасын бұдан әрі дамытудың негізгі он басым бағыты бойынша кешенді міндеттерді жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Олар: 1. Қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы 2. Қолжетімді баспана 3. Өңірлерді дамыту 4. Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру 5. Басқарушылардың білікті саяси табын дайындау. 6. Сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту 7. Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі 8. Зейнетақы жүйесін жетілдіру 9. Индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру 10. Ауыл шаруашылығын дамыту Елбасы әр жылғы Жолдауында әлеуметтік салаға аса көңіл бөліп келеді. Биылғы Жолдаудағы он басым бағыттың бірінші бағыты жұмыспен қамту мәселесі. Мемлекет басшысы бірінші кезекте оқытудың тиімді жүйесін құра отырып, жұмысқа орналасуға көмектесу, әсіресе ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шағын несиелермен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталды. 2020 жылға қарай 1,5 миллион адамды жұмыспен қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Ауданда 2011-2015 жылға арналған Стратегиялық жоспарға сәйкес 2012 жылы 650 жаңа жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, ақылы қоғамдық жұмысқа 480 адам, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 2012 жылы 400 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіби оқуға 255 адам, нысаналы топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындарына 110 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Жоғары және орта арнаулы, кәсіптік оқу орындарының бітірушілеріне арналған «Жастар тағылымдамасына» 21 жасты жіберілу көзделіп отыр. Республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес «Әлеуметтік жұмыс орындары» мен «Жастар тағылымдамасына» 47 млн.237 мың теңге қаралып отыр. Екінші басымдық. Қолжетімді баспана. Жолдауда Елбасы елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп келе жатқанын айта келе, жас отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталды. Жалға берілетін тұрғын үй алаңы 1 миллион шаршы метрге жеткізілетін болды. Мемлекет басшысы Үкіметке осы жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Осы қабылданатын бағдарламаға орай біздің ауданымызда да жас отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Үшінші аса маңызды басымдықтың бірі өңірлерді дамыту мәселесі. Елбасы бұл үшін ең алдымен жаңа зауыттар, жаңа өнеркәсіп орындарын ашу, жергілікті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселелеріне тоқтала келе, бір салалы шағын қалаларды дамытуға аса көңіл бөліп отыр. Елбасы Үкіметке шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауға тапсырма берді. Осы бағытта біз де өзіміздің Шардара қаласын дамыту жөніндегі өз ұсыныстарымызды дайындайтын боламыз. Биылғы жылға ауданымыздың инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда: елді мекендерді газдандыру, ауызсумен қамту, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту, теміржол құрылысын жүргізу, ескі аэропортты қалпына келтіру, жол жөндеу, сарқынды су жүйесін қайта құрылымдау және т.б. жұмыстар. 2012 жылы облыстық бюджеттен Шардара қаласындағы сарқынды су жүйелерін қайта құрылымдауға 250 млн. теңге, ГРС-17, ГРС-18 құрылысына 820 млн. 241 мың теңге, Қоссейіт елді мекенін газдандыруға 303 млн. 30 мың теңге қаралып отыр. 2012 жылы аудан аумағындағы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарын орта жөндеуге аудандық бюджеттен 167,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен 83,09 млн. теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 504,3 шақырым жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 21,52 шақырымы немесе 4,3 пайызы орта жөндеуден өтеді. Көп қабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз ету бойынша Шардара қаласында қазандық құрылысының жобалау сметалық құжаттарын әзірлеу, мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жұмыстарына облыстық бюджеттен 30,0 млн.теңге қаржы қарастырылуда. Жергілікті бюджеттен су жүйелерінің қызметін қамтамасыз етуге 31 млн, көгалдандыру-көріктендіруге 124 млн. 800 мың теңге, жарықтандыруға 7 млн. 551 мың теңге қаралып отыр. Жергілікті бюджеттен Көксу, Қоссейіт, Қ.Тұрысбеков ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етуге жобалық сметалық құжаттарына 16 млн. теңге қаралып отыр. Сондай-ақ Шардара қаласындағы «Наурыз», «Нұротан», «Мелдеби» мөлтекаудандарын, Қ.Тұрысбеков ауылдық округіндегі Шардара елді мекенін, Көксу ауылын газбен қамтамасыз ету жобалық сметалық құжаттарына жергілікті бюджеттен 26 млн. 941 мың теңге қаралып отыр. Болашақта Шардара қаласында Шардара су қоймасы жағалауынан туризм кластерін дамыту үшін әуежол қатынасын қалпына келтіруді қажет етеді. Осы бағытта Шардара қаласындағы бұрынғы аэропортты қайта қалпына келтіру бойынша бұрын жекешеленіп кеткен аэропорттың жер телімі коммуналдық меншікке алынып, жерге орналастыру жобасы әзірленді. Алдағы уақытта Шардара қаласындағы әуежай құрылысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 15 қыркүйектегі №953 қаулысымен бекітілген «Бюджеттік инвистициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесіне» сәйкес жұмыстар жүргізілетін болады. Жалпы республикалық бюджеттен ауданға 1 млрд. 867 млн. 601 мың теңге қаралып отыр.
Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесі бойынша. Халыққа қызмет көрсету аясында әкімшілік рәсімдерді оңайлату, тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын көтеру, ақпараттық технологияларды игеру мәселелері көтеріліп отыр. Елбасы кадрлар әлеуетін жақсарту мәселелеріне тоқтала келе, ХХІ ғасырда Қазақстанды лайықты белеске алып шығатын жаңа басқарушы топтың негізін құрайтын білімді де, кәсіби білікті басқарушылардың саяси табын дайындау керектігіне тоқталды. Алтыншы бағыт сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне айрықша тоқталды. Сыбайлас жемқорлық біздің экономикамыздың дамуына кедергі келтіретін кесел. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіле беретін болады. Елбасы Жолдауда адам капиталының сапалы өсуіне тоқталды. Бұл ең алдымен білім беру мен денсаулық саласы. Еліміздің болашағы білім мен ғылымда. Жастарымызға білім беруде заманауи технологияларды енгізу, педагогикалық құрамның сапасын арттыру бағытында тиісті жұмыстар жалғастырылатын болады. Аудандағы білім беру мекемелерін күрделі жөндеуге (М.Горький, Сырдария, Ұзыната, Достық жалпы орта мектептерін) 2012 жылға облыстық бюджеттен 134 млн. 254 мың теңге, мектептерді компьютерлендіруге 22 млн. 230 мың теңге, химия және биология кабинеттерін жабдықтауға 4 млн. 97 мың теңге, жергілікті бюджеттен балабақшаларды күрделі жөндеуге 35 млн. теңге қаралып отыр. Одан бөлек, республикалық бюджеттен «Балапан» бағдарламасына сәйкес бала бақшалар мен шағын орталықтар ашуға 246 млн. 614 мың теңге қаралып отыр. Аудандық бюджеттен Қ.Тұрысбеков ауылында 120 орындық бала бақшаны күрделі жөндеуге 92 млн.теңге, ауылдық мәдениет сарайын күрделі жөндеуге 29 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Міне бұл қаржылар біздің келешек ұрпағымыздың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық деп білеміз. Ауданда «Саламатты Қазақстан-2015» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Ауруханаларға заманауи жаңамедициналық құрал-жабдықтар алуға 90 млн. 606 мың теңге қаралып отыр. (емханаға 58 млн. 606 мың, ауруханаға 32 млн) Жансақтау және хирургия бөлімшелері толық қайта жабдықтаудан өтеді. 4,5 млн. теңгеге қатты және жұмсақ инвентарь алынады. Туберкулезге қарсы диспансеріне медициналық құрал-жабдықтарына 3 млн. теңге қаралып отыр. 2012 жылға науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 116 млн.940 мың теңге қаралып отыр. (емхана 48 млн. 940 мың, аурухана 68 млн) Бұдан бөлек 2012 жылы екі дәрігерлік емхана (Мелдеби мөлтек ауылы мен Ө.Түгелбаев мөлтек ауылында) салынады деп жоспарланып отыр. Сырдария және Егізқұм ауылдарындағы дәрігерлік емханаларды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттарын дайындауға 2 млн. 639 мың теңге қаралған. Сонымен қатар «Саламатты Қазақстан-2015» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданымыздағы спорттық нысандарды тиімді пайдалану керек, ал спорттық нысандар жоқ елді мекендерге жаңа спорт нысандарын салынуын жоспарлауымыз қажет.
Жолдауда индустриялық-инновациялық жобалардың өңірлерде іске асырылу жағдайына тоқталған Елбасы бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала береді деп атап көрсетті. 2012 жылға ауданда кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жарғылық қоры 500,0 млн теңгені құрайтын қаржы орталығын ашу көзделуде. Бүгінгі таңға қаржы орталығының құрылтайшы құжаттары дайындалуда. Бөлінетін қаржы ауданда ашылатын өндіріс орындарына, мақта, күріш және мал шаруашылығын дамытуға жұмсалынатын болады. Бұрынғы құрылыс бұйымдары комбинаты аумағында «Индустриялдық аймақ» құрылды. Жер көлемі 11,0 гектарды құрайтын аймақ қажетті инженерлік коммуникациялармен (су, электроэнергия, сарқынды су жүйелері, жол, байланыс желісі және т.б) қамтамасыз етілген. Аймақты 6 басым бағытта дамыту көзделуде. Атап айтқанда: жеміс-жидек және томат өндірісі, соя өндірісін дамыту, ауылшаруашылығы техникаларын жинау және құрастыру, текстиль өндірісі, құрылыс бұйымдарын шығару. Бұл жобаларда 300 адамға жаңа жұмыс орны ашылып, 600 млн теңгенің инвестициясы тартылатын болады. Соя өндірісін дамыту бойынша 2012 жылға 15 га жерге сынақ түрінде егіліп, өсіріледі. Жаушықұм массивіндегі 3300 га жерді игеру мақсатында «Агроаймақ» құрып, қазіргі заман талабына сай технологиямен жер игеру, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Аймақты дамыту бойынша жобалау сметалық құжаттамасы дайындалып, оған аудандық бюджеттен 5,9 млн теңге қаржы бөлініп, игерілді. Жобалау сметалық құжаттамаға сәйкес, аймақты инженерлік коммуникациялармен (электр желісі, ағын су құбыры, жол және т.б.) қамтамасыз етуге кететін шығын көлемі 2,1 млрд теңгені құрап отыр. Бұл жобаны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асыру жоспарлануда; -Аймақта 3300 га жерге тамшылатып суғару әдісімен жүйе құраушы кәсіпорындарды құру мақсатында ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылады; -Жоба іске асырылған жағдайда 800 адамды қосымша жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашылады. Оныншы бағыт: Ауылшаруашылығын дамыту. Ауылшаруашылығы саласында өсімдік шаруашылығы бойынша күріш, мақта, қант қызылшасы, соя дақылдарын егіп, өнімдерді ауданда түпкілікті өңдеуге қол жеткізу қолға алынады. Егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін әртараптандыру мақсатында күріш, мақта, қант қызылшасы және соя дақылдарының ауыспалы егістікке үлесін арттыру жоспарланған. Атап айтқанда: күріш салысының егіс көлемін 2000 гектар, қант қызылшасын 200 гектар, шитті мақта егіс көлемін 27 100 гектар, сояны сынақ түрінде 15 гектарға егу жоспарланған. Осы дақылдарды егіп, өсірудің нәтижесінде ауданда жаңадан іске қосылған және тұрақты жұмыс істеп тұрған ірі және орта өндіріс кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге, яғни түпкілікті өңдеуге толық негіз болады.
Атап айтқанда: Күріш өндірісін дамыту бойынша егілетін 2000 га күріш алқабынан 10000 тонна күріш салысы алынып, ауданда ашылған күріш зауыты толыққанды шикізатпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Ұзыната ауылында орналасқан «Шардара» тәжірибе шаруашылығы аумағынан күріштің жергілікті және аудандастыруға ыңғайлы көршілес Өзбекстан Республикасының озық тәжірибесі мен өнімділігі жоғары сорттарын өндіріске ендіруге бейімделген арнайы тұқым шаруашылығын ашу мәселесі тыңғылықты іске асырылады деп күтілуде. Мақта-тоқыма кластерін дамыту үшін аудан бойынша егілетін 27100 га мақталықтан 70000 тоннаға жуық шитті мақта өндіріледі. Бұл жаңадан іске қосылатын және тұрақты жұмыс істеп тұрған мақта зауыттарын шикізатпен толық қамтамасыз етеді. Өндірілген мақта талшығын одан әрі терең өңдеу бойынша «Индустриалды аймақта» текстиль өндірісін дамыту қолға алынады. Бұл бағытта «Мырзакент корпорациясы» ЖШС жобаға қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар ауданда өндірілетін 70000 тонна мақтадан шамамен 42000 тонна мақта шиті алынады. Бұл жаңадан ашылған май-жем комбинатының толық куатында жұмыс істеу қабілетін арттырып, шикізатпен қамтамасыз етеді. Облыста бірінші рет қолға алынып отырған шағын қант қызылшасын өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін 200 га көлемінде қант қызылшасы өсіріледі. Өнім көлемі әр гектардан 300 центнерден өндірілген жағдайда, алынған 6000 тонна шикізат зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. 2012 жылы облыстық бюджеттен Достық, Алатау батыр, Көксу және Шардара қаласы аумағында, аудандық бюджеттен Ақшенгелді, Қ.Тұрысбеков ауыл округтері аумағында типтік жобадағы қолдан ұрықтандыру бекеттері салынады. Соның нәтижесінде «Ірі қара мал етінің экспорттық потенциалын арттыру» бағдарламасы аясында ірі қара мал шаруашылығын дамыту қолға алынады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алынатын мал басы 550-ге жеткізіледі. 2012 жылға типтік жобада 20 мал бордақылау алаңшаларының іске қосылуы күтілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 150 тонна ет өндіріледі. Өндірілген етті бұрынғы ет комбинатын қайта іске қосу арқылы терең өңдеуге мүмкіншілік бар. Сонымен бірге мал шаруашылығын өркендетуде сүт өндірісін қайта жолға қою маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Бұл бағытта Алатау батыр ауылдық округіндегі бұрынғы тауарлы сүт фермасын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдарын жүргізіп, сүт өндірісін дамытуға мүмкіншілік бар. Түйе шаруашылығын дамыту бойынша: Ауданда статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2900 бас түйе есепке алынған. Осыған байланысты шұбат өндірісін дамытуға қолайлы мүмкіндіктер бар. Жобаны іске асыруға байланысты Достық ауылдық округінде шұбат өңдейтін шағын цех ашу жоспарлануда. Ет экспорты әлеуетін арттырудың басым бағыттарының бірі-құс етін өндіру. Осы мақсатта Жаушықұм ауылындағы «Құдайберді» шаруа қожалығында күрке тауық өсіріп, өнімді терең өңдеудің жобасы жасалуда. Мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің негізгі бағыты тері-жүн өңдеу өндірісі. Шардара қаласындағы «Оңтүстік Киіз» базасында тері-жүн өндірісін іске қосу арқылы кәсіпорынды қайта жандандырып, тері илеу, жүн түту цехтары іске қосылатын болады. Шардара су қоймасын имараттарымен және Арнасай су бөгетінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су кемері бойымен ұзындығы 19 шақырым болатын ІІІ санаттағы аудан аралық автомобиль жолы құрылысының І, ІІ кезеңінің жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық Министірлігі Су ресурстар комитетінің тапсырысы бойынша алынды. ІІІ, ІV кезеңнің жобалау жұмыстары жүргізілуде. ІІІ санаттағы аудан аралық автомобиль жолы құрылысы бойынша жобалау- ізденіс жұмыстарымен «Ұлмад» ЖШС айналысуда.
Құрметті актив жиналысына қатысушылар!
Елбасы Жолдауында белгіленген басым бағыттар мен ауқымды міндеттерді Шардара жұртшылығы қолдай отырып, Жолдаудан туындайтын міндеттерді жұдырықтай жұмылып атқаратынымызға сеніміміз мол. Алда атқарылатын жұмыстардың ауқымды да маңызды екенін жақсы түсінеміз. Елбасымыз өз Жолдауында «Игілік басы-ынтымақ» деген халқымыздың қанатты сөзін келтірді. Ынтымақ болса, ауызбіршілік болса алынбайтын асу болмайды деп білемін. Баршаңызды тәуелсіздігімізді баянды ету мақсатында біргелікте барлық міндеттерге қол жеткізу жөніндегі жұмыстарға аса белсенді қатысуға шақырамын!
Назарларыңызға рахмет!
Шардара қаласы 1 ақпан 2012 жыл
|